Главная

«Бірің – Балуан Шолақ, бірің – Қажымұқан»

Аватар пользователя Esimkhanovv
Журналист
Адилхан Есимханов
Алдымен Ресей, Армения, Грузия, Тәжікстан, сосын басқа да мемлекеттер… Осы елдердің атлеттерін жолынан ығыстырып, бапкерлер сеніміне кірмесең ірі додаларға жол тартуың екіталай. Сонау 1965-85 жылдары әсіресе жаһандық қай жарыс болсын социалистік республикалар одағының айдарынан жел есіп, алдыңғы қатардан көрініп жүргенін ешкім жоққа шығара қоймас. Соның ішінде, қазақтың болмысына бітіп, оң жамбасына келетін күрес, бокс, самбо сынды білек күші сыналар спорт түрлерінде бәсеке алауы айрықша қызатын. Ал қайтпастық қанына сіңген сайын дала ұландары әлемдегі атағы жер жарған талай мықтыға тойтарыс бергендіктері спорт тарихына алтын әріптермен жазылған. Бірнеше спорт түрін қатар алып жүріп, таңдай қақтырар нәтиже көрсеткен Ұлан ауданының тумасы Жексен Икамбаевпен емен-жарқын әңгімелесудің сәті түсті.

Жетістігін жария етпеді

Қару-жарақсыз өзін-өзі қорғау қадамы осыдан 94 жыл бұрын жасалған екен. Соның алғышарты самбомен тұспа-тұс келеді. Арнайы спорттық киіммен бірін-бірі алып та, шалып жығатын жарыстарға қазақ жігіттері салған жерден кіріп кетпесе де, анық-қанығына үңілген соң самбо, еркін, грек-рим күресі сахнасында сойқан салды. Бір басына жетіп артылар жетістігіне тоқталмас бұрын Жексен Іркітбайұлының балалық шағы мен үлкен спортқа жасаған алғашқы қадамдарына қысқаша тоқталсақ артықтық етпес. Кейіпкеріміз Ізғұтты Айтықов ауылының тумасы. Біртоға, әңгіме барысынан жетістігін жалпақ жұртқа жария ете бермей, арық айтып, семіз шығатын жан екендігін аңғардық. Қаңтардың қақаған аязында дүние есігін ашқан жерлесіміз отбасының тұңғышы. Бала күнінен жазда жалаң аяқ кезіп, қара жұмыстың бел ортасында өсті. Мамыр айында шешілген аяқкиім арада бес ай өткенде, ауыл маңындағы дөң-жоталарды тегіс аралап шыққан соң ғана киілген.

Мектеп табалдырығын 1961-62-ші жылдары аттадым. Үшінші сыныпқа дейін қазақша оқып, кейін жабылып қалуына қарай орысша білім алдық. 70-ші жылы сегізінші сыныпты тәмамдаған соң Аблакеткадағы ауылшаруашылық техникумына түстім. Сол жерде бапкер болған Мұхамедияр Отанбек деген ағамыз «Жекен, бізге келсеңші, байқап жүрмін, спорттан қаражаяу емессің» деп қолқа салды. Жөпелдемеде барар-бармасымды дөп басып айта алмадым. Әкем дүниеден қайтқан болатын, үйдің тұңғышымын әрі шаруа шаш етектен еді. Аз-кем ой таразысына салып, оқуға түскен соң спортпен шұғылдануды бастадым, – деді кейіпкеріміз.

«Ештеңе етпейді»

Бұл 1971-ші жыл. Осы жылдары салмағы 72-74 келі шамасында болды. Табиғатынан тұлғалы, дене бітімі де палуанға келетін бозбала әу дегенде еркін күрестен бақ сынады. Спорт дегеніміз бір сүріну, бір құлау, алғашқы жылдары атой салудың сәті түспеді. Өзі қатысқан қалалық турнирлерде бірінші, екінші айналымдардан ары аса алмады. «Ештеңе етпейді, нәтиже бір күнде келмейді» деп арқасынан қаққан бапкер демеуі спортшыға басы ауырып, балтыры сыздағанда қабылдайтын дәрумендей еді. Бастысы, сәтсіздіктерден соң сағы сынбады. Арада жыл өткенде жүлделі орындардан көрініп, кейінірек жарау аттай артынып-тартынып республикалық сайыстарға барды. Шаһардағы додаларда шыңдалса да еліміздің әр өңірінен келген спортшылар бастапқыда Жексен Іркітбайұлының әдіс жасауына мүмкіндік бермей, туған өлкесіне жүлдесіз қайтарып жүрді. Бапкері «уақа етпес, ауқымды аламандарға алғаш шығуың ғой» деп тағы да қолдау білдірді. Жеңілістің кермек дәмін татудан жалыққан жерлесіміз күн-түн демей тер төгуін тоқтатпады. Керек десеңіздер, демалысты да ысырып тастаған кездер болған. Сөйтіп, тарих жылнамасына 1973-ші жыл есік қақты. Бозбала шағында Алматыда өткен ауыл спортшылары арасындағы ел чемпионатында ешкімге дес бермеді. Дәл сол жылы грек-рим күресінен де топ жарды. Тәңірі көзіктірмесін, бір спорт түрінен ауыз толтырып айтарлық жетістікке жету мұң болғанда, кеңес өкіметі тұсында үш спорт түрінен қатар олжа салудың сыры неде деген сауал келді. Әңгіме барысында ұландық азаматтың кейбір ойлары осыған рет-ретімен жауап бергендей болды. «Ауыл қарттары белдестіргенде «Бірің – Балуан Шолақ, бірің – Қажымұқан» деп мақтауымызды асырып күш сынастыратын. Осы сөзді іштей қайталай бергенде кәдімгідей қанаттанып кететінбіз» деген ойлар ауыл баласының кейін әлемнің кіл мықтыларын жолынан ығыстыруына негіз болғандай. Одан қалса, жаздың аңқаны кептірер аңызағында шөп шауып, ауыр жұмыстың алуан түрі Шығыстың шымыр ұлын шыңдай түскен. Содан болар, КСРО көлемінде атағы алысқа шапқан тәжік, тау халқы палуандарына тосқауыл қоя білді.

Әдемі орындайтын әдісі

Ал өзі белдесіп көрмеген грек-рим күресі сайысы жайлы әңгімесі тіптен қызық.

Бұған дейін классикалық күрестің иісі мұрнымызға да бармайтын. Мүлде күресіп көргеніміз жоқ. Бапкерлеріміз қоя салған соң шегінерге жол жоқ-ты, белдестік, – дейді сәл жымиған ұландық азамат. – Ұттық. Бұл да Алматыда өткен жарыс еді.

Ендігі меже жастар арасындағы КСРО чемпионаты. Тегеурін жинап, белдесуде біршама қарқын алған палуан бұл бәсекеден қола медальмен оралды. Грек-рим мен еркін күресте кем-кетігін толтырып, ауылын аралап шыққан соң ендігі ауаны қазақ күресіне ауды. 74-ші жылдың қыркүйегінде Шымкент шаһарда даңқты балуан Қажымұқанның жүлдесіне ел чемпионаты жалауын көтерді. Ол уақытқа дейін салмағы артқан, яғни алыптар бақ сынаған додаға 82 келі салмақпен қатысты.

Осы жарыста Түйе палуан атандым. Жүріп өткен жолымда 100, 130 келі тартатын спортшылармен жолығып, әдісін тауып, айламды асырдым. Түйе палуан бәсекесінде жеңіске жетелеген әдіс – іштен шалу. Сүйікті әдісім, сәтті түссе алдыға, артқа лақтыратынмын, – деді жүзіне күлкі үйірілген жерлесіміз.

Қызығы сол, алдымен 85 келіге дейінгі салмақта қарсылас шақ келтірмеген Жексен Икамбаев аса ауыр салмақты спортшылар арасында да дес бермеді. Іштен шалу ғой сол! Көпшіліктің «Сен сәнді күресесің» деулері бәлкім, осы бір әдісті жаңылмай орындағанынан болар. Оған қоса ауылда балақайларды бір-бірлерімен күрестіріп, ауылдың «кім мықтысын» анықтаған ақсақалдар да кейде әдейі киімнен ұстатып белдестірген. Яғни әдістердің сәйкестігі де әсер етті деуге болады. Қазір «Қазақстан Барысы» атанғандарға 25 млн теңге берілсе, ол кезде топ жарған палуанға Мадақтама қағазы мен былғары портфель табыс етілетін. Ұлттық спортқа көңіл бөлудегі сыйлық пен сыйақының аралығы осындай болған.

Салмақ өлшеуге сәл кешікті

Еркін күрестен спорт шебелігіне үміткер, қазақ күресінен спорт шебері атанып үлгеріп, Отан алдындағы борышын өтуге жол тартты. Айтпақшы, елден ұзамай тұрғанда кейіпкеріміз еркін күрестен КСРО Кубогінде ел намысын қорғады. Сол кезде Жданов, қазірде Мариуполь деп аталатын қалада өтті. Бұл командалық жарыс еді, орысшасы «стенка на стенку» деп аталады. 82 келіге дейінгі салмақта бозкілемге беттеп, ел құрамасы сайысты бесінші орынмен аяқтады.

Бәсекелестік жалыны кімді де болса жандырып әкететін. Жүлдеге ілігу тер мен қанның парлап аққан көлемімен шешілетін. Сол бесінші орыннан кейін әскер қатарында жүріп Мәскеуде екінші, 76-шы жылы Бүкілкеңестік чемпионатта күміспен күптеліп дзюдодан спорт шебері нормативін орындадым, – деді жерлесіміз сөзін сабақтап.

Кім білсін, егер салмақ өлшеу рәсіміне үлгергенінде топ жарар ма еді? Айтпағымыз, осы жарысында салмағы 81 келіні көрсетіп 93 келіге дейінгі дәрежеде мықтыларға қарсы тұрды.

Әскерге бармас бұрын самбодан республикалық спартакиадада өнер көрсетіп, бесінші орыннан көрінген. Ол кезде 82 келі болып, 90 келіге дейінгі салмақта сынға түсті. Білікті бапкерлер көзіне сонда ілігіпті. Ұдайы жарыс буымен жүрген жерлесіміз бөлімшеде тым сирек болған. Ант қабылдау сәті де апыл-ұпыл өтіпті. Бір нәрсе анық еді, Жексен Іркітбайұлы енді үлкен спорттан алшақтай алмайды, ғұмырының бір бөлігін сонымен байланыстырды. Оқу-жаттығу жиыны өз деңгейінде өткен соң күзде Одессадағы КСРО біріншілігіне атбасын бұрды. Нәтиже бесінші орын. Жаттықтырушылар «жаман емес» деді. Әр жарысын бір-бірлеп баяндағаннан гөрі сол кездегі белдесу деңгейіне тоқталған жөн шығар. Жексен Икамбаев сол жылдары Бүкілкеңестік біріншілікті алты мәрте ұтты. 15 мемлекеттің сайдың тасындай іріктелген атлеттері бас қосқанда кішігірім Еуропа чемпионы, тіпті Әлем чемпионатының алғашқы айналымдары дерсің?! Бір салмақта 85-90-ға жуық палуан, оның ішінде бес-алтауы Халықаралық дәрежедегі, тағы соншасы Еңбек сіңірген спорт шеберлері болатын.

«Ұдайы ұта берген де ыңғайсыз»

Жалпы, самбодан спорт шебері атағын 11-12 мәрте қорғап, растаса, спорттың үш түрі бойынша алты рет ел чемпионы атанды. Отан алдындағы борышын өтеп келген соң бапкер болып жүріп те белдесті. Айтып-айтпай не керек, республикалық, облыстықспартакиадаларда бас бәйгені ешкімге бермеді. Тіпті Шығыс Қазақстан көлеміндегі сайыста қазақ күресінен тоғыз рет Түйе палуан атанғанда соңына қарай тізгін тарта бастады.

Үнемі бара беріп ыңғайсыздана бастадым, – дейді Жекен Іркітбайұлы (жымиып) бабы келісіп, қарқыны қатты кезін еске алып. – «Осы-ақ бір қоймайды екен» деп айтатындай көрінді. Амал нешік, ұйымдастырушылар кел де, кел деп қолқалаған соң бас тартқан ерсі болды.

Шытынаған тізе, ауыр жарақаттан үш күн ұйықтамай бозкілемде айқасқан сәттер, бір күнде өткізген тоғыз белдесу ұландық азаматтың үлкен спортта танытқан жанкешті әрекеттерінің тек бірнешеуі ғана.

КСРО көлемінде дзюдо, самбо және қазақ күресінен талай жүлдені қанжығалап, спорт шебері атанған жерлесіміз қамал бұзар жасқа қараған шағында шәкірт тәрбиелеуге көшті. Ізғұтты Айтықов ауылында шаруа қожалығын құрып, құрылыс саласында да тер төкті. Қысқасы, спорттағы жан-жақтылығы өмір ағысында да оң әсер етті. Қазір ара-тұра мемлекеттік сатып алуға қатысып, шаһар шаруашылығының бір шетінде жүр. «Өзімнің спорттағы жетістіктерімді жария ете бермеймін» дегенінен-ақ Жексен Икамбаев есімі өңір көлемінде неліктен жиі айтыла бермейді деген сауалдың жауабын тапқандаймыз. Әмәнда ақырын жүріп, анық басатындығы, болған жайтқа қаз-қалпы қарайтын қарапайымдылығы ісінің ілгерілеуіне себепкер. Айтпақшы, әкесінің абыройын жықпай жүрген қос ұлыЕрасыл мен Данияр да әр жылдары әдемі белдесулер көрсетіп, облыс көлемінде тұғыр сатысынан көрініп жүрді. Отанасы Бишін Шахаманқызы шаңырақтың түтінін түтетіп, қарбалас тірлікпен жүретін жұбайына қашан да тілекші.

 

 

Дата и время публикации: 
22.07.21
Новости
Мұндай нәтижеге Токио Олимпиадасындағы сәтсіздіктердің әсер еткені сөзсіз
14.09.2021
Аталған жарыста жерлестеріміз түрлі медальдар жиынтығына қол жеткізді.
13.09.2021
Шығысқазақстандық палуандар Нұрсұлтан Тұрсынов пен Алмат Кебіспаев Норвегияда өтетін Әлем чемпионатында ел намысын қорғайды.
08.09.2021
Ресейдің Қазан қаласы еркін күрестен 21 жасқа дейінгі жеті мемлекеттің кіл мықтыларын жинап, ауқымды аламан өткізді. Аталған сында жерлесіміз Айдос Жылқайдаров та бақ сынап, жүлдегерлер қатарынан көрінді.
07.09.2021
Похоже, что 9 лет тёмных времён для велоспорта Восточно-Казахстанского спорта подошли к концу – усть-каменогорская велосипедистка сенсационно выиграла бронзовую медаль юниорского Чемпионата Мира на треке.
06.09.2021
Токио Олимпиадасынан соң Ұлттық құрама сапында біршама өзгерістер байқалуда. Ерлер құрамасынан бөлек, бұрымдылар да бұдан былай жаңа бапкерден тәлім алады.
06.09.2021